16 маусым 2017 ж.

Жаңарған «Бәйтерек» қонақтарды қабылдауға дайын!

«БАЗИС» құрылыс компаниясы «Бәйтерек» монументін қайта қалпына келтіру мен күрделі жөндеуді аяқтады. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мақұлдаған эскиз бойынша жасалды.

Құрылысшылар небәрі 5 айдың ішінде нысанның жоғарғы жағының конструкциясын күшейтіп, оларды тот басудан сақтайтын жабынмен өңдеп, қатты жел екпіні мен елорданың қысқы ызғарына, жаздың аптабына төтеп бере алатын, арнайы газбен толтырылған ерекше италия шынысымен қаптады. «Бәйтеректің» биіктігін, оның өзгеше формасы мен күрделі конструкциясын ескере отырып қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы құрылыс ағаштары жасалды.

Қалпына келтіру тек сыртында ғана емес, Астананың басты символының ішінде де жүрді. Монументтің барлық жайларының безендірілуі жаңарды: еден әдемі мәрмардан төселді, қабырғалар декоративті сылақпен сыланды, заманауи өнер галереясы пайда болды, холлға үлкен LED-экран қойылды, монументтің ең жоғарғы нүктесінде, Астана алақандағыдай көрінетін атақты «биіктік 97-ге» ұшып жүрген Самұрықтар формасында жасалған люстра ілінді.

Жөндеу жұмыстары кезінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін монументке кірер ыңғайлы кіреберістер қарастырылды. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін кассалар кіру билеттерін сататын заманауи терминалдармен алмастырылды.

Жаңарған монумент еліміздің азаматтары мен қонақтарын панорамалық терезелерден көрінетін қаланың әдемі көріністерімен қуантатын болады.